Ақтөбеде түзеу мекемесіне шағын және орта бизнесті тарту мәселесі қаралды
Ақтөбеде түзеу мекемесіне шағын және орта бизнесті тарту мәселесі қаралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түзеу мекемесінің өндірістік аумағында шағын және орта бизнесті дамыту және мекемедегі жазасын өтеуші сотталғандарды барынша еңбекпен қамту мәселелері Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №8 түзеу мекемесінде өткен «Ашық есік» іс- шарасында талқыланды.
Іс- шараға Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Илюпов, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлік палатасының маманы Лейла Есалиева, басқарманың бас маманы Отарбай Алиаскар және медиатр Алтынай Муханова, қалалық жұмыспен қамту басқармасының маманы Гүлзабира Бисембаева, сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің маманы Данабек Урынбаев пен «Еңбек» РМК филиалының өкілдері қатысты.
Кездесуде Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Илюпов, қазіргі таңда түзеу мекемелеріндегі жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін мемлекеттік тапсырыстар қажет екендігін баса айтты. Оның айтуынша, егер мемлекеттік органдардан түзеу мекемелеріне тұрақты түрде тапсырыстар түсіп отырса, өз кезегінде сотталғандардың жұмыспен қамту мәселесі шешіледі. Өйткені, бұның барлығы түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілерді одан кейінгі қалыпты өмірге енуі үшін жасалатын іс-әрекеттер. Осы орайда әңгімеге араласқан «Атамекен» облыстық кәсіпкерлік палатасының маманы Лейла Есалиева, түрме аумағындағы цехтарда кәсібін дамытып отырғандардың қауіпсіздігі түрме әкімшілігімен қамтамасыз етілгенін қосып қойды.
– Түзеу мекемесіндегі барлық цехтер өндірістік қуаттарға қосылмағанымен, тұрғын аумақтарда өндірісті кеңейтуге мүмкіндік зор. Осы тұрғыда мекемеге шағын және орта бизнес өкілдерін тарту арқылы көптеген түйткілді мәселелерді шешуге болады. Себебі, жұмыспен қамтылған сотталғандар жалақысын отбасыларына жібереді және сотпен тағайындалған талап-арыздарды өтейді. Сонымен қатар мекеме аумағындағы дүкеннен қажеттіліктерін сатып алады,- дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Гүлнәр Избагамбетова.
Іс- шарадан кейін барлық қатысушылар түзеу мекемесінің өндірістік аймағын аралап, темір-бетон учаскесін, тігін, механикалық цех, ағаш өңдеу цехы және мекеменің басқа да жұмыс істеп тұрған нысандарын қарады.
Темір өңдеу цехындағы жұмысшы сотталғандар келіп түскен тапсырыстарға сай қоқыс контейнерлері, темір кереуеттер, балалар ойын алаңына арналған әткеншек секілді темірден бұйымдар дайындаса, темір-бетон өндірісі цехында дайындалатын төсемтастар мен тротуар плиталары, бордюрлер мен кірпіштер, жиектастар т.б. Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарын абаттандырумен айналысатын мекемелерге сапалы темір-бетон өнімдерін дайындап, жөнелтеді. Ағаш өңдеу цехында сотталғандардың қолынан шыққан ағаш астаулар, асүй жабдықтары, нардылар, сандықтар мен мың көркем өрнекпен көмкерілген тұрмыстық бұйымдар көздің жауын алады. Ал, тігін цехындағы жұмысшы сотталғандардың қолынан шыққан матрацтар мен төсек жабдықтары, арнайы киімдер тиісті тапсырыс беруші коммуналдық қызметтер мен ұлттық компаниялардың сұранысын жоғары деңгейде қанағаттандырып келеді.