Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде “Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 9122 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Ақтөбе облысында “Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасы барысында заңсыз айналымнан 15 қару алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылғы 7 қыркүйек – 1 желтоқсан аралығында облыс аумағында “Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

Шараның негізгі мақсаты –  жедел жағдайды тұрақтандыру, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша жұмысты жандандыру, учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін арттыру, азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату болып табылады.

Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік учаскеде орналасқан пәтерлер мен үйлерді аралауды, ішкі істер органдарының есебінде тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеруді, тіркелген қару иелерінің қаруды сақтау тәртібін қадағалауды, жалға берілетін пәтерлерді анықтауды жүзеге асырады.

30 қазандағы жағдай бойынша “Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында учаскелік полиция инспекторлары 224 мыңнан астам (85,2%), оның ішінде көп қабатты үйлердің 117 260 пәтері (83,4%) және 107 739 жеке үйді (87,4%) аралады. Салық органдарында тіркеусіз тұрғын үйді жалға берудің 267 фактісі анықталды, барлық фактілер бойынша ақпарат  тұрғын үй иелеріне әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін салық органдарына жіберілді.

Ішкі істер органдарының есебіне 701 адам қойылды, оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға жол беретін 474 адам анықталды.

Қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін атыс қаруы бар 112 азамат әкімшілік жауапкершілікке  тартылды. Заңсыз айналымнан 15 қару тәркіленді.

Іс-шара аясында барлығы 9122 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 1165 адамға қатысты қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкені және мас күйінде келгені үшін, 770 адамға қатысты ұсақ бұзақылығы үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру