Ақтөбеде Ұлы Жеңіс қарсаңында тыл ардагеріне құрмет көрсетілді
Ақтөбеде Ұлы Жеңіс қарсаңында тыл ардагеріне құрмет көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Ақтөбе облысы полиция департаментінің емханасы бар госпиталінің қызметкерлері 90 жасқа толған тыл ардагері Тамара Ляшкованың шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтау жасады.
Кездесу барысында ардагерге жылы лебіздер білдіріліп, оның көпжылдық адал еңбегі мен ішкі істер органдары жүйесінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтылды.
Тамара Ляшкова ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облысы Ішкі істер органдарының емханасы бар госпиталінде бухгалтер қызметін атқарып, осы салаға 40 жылдан астам ғұмырын арнаған. Жауапкершілік пен табандылықты серік еткен ардагердің еңбек жолы кейінгі буын үшін үлгі болып саналады.
- Тамара Алексеевна — ішкі істер органдарының дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты буын өкілі. Сіздің ұзақ жылдарғы адал еңбегіңіз бен өмірлік өнегеңіз кейінгі ұрпақ үшін әрдайым қымбат. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін, — деді Ақтөбе облысы ПД емханасы бар госпиталінің бастығы Асқат Исаев.
Мұндай тағылымды кездесулер аға буынға деген құрметтің, ел тарихына тағзым етудің және бейбіт күннің қадірін ұлықтаудың айқын көрінісі болып табылады. Тыл еңбеккерлерінің жанқияр еңбегі ел жадында әрдайым сақталады.
