Абай облысында полиция қызметкерлері ашық есік күнін өткізді
Бесқарағай ауданы полиция бөлімі қызметкерлері Бесқарағай ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы қызмет алушыларына арналған ашық есік күнін ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ерекше күтімді талап ететін адамдарға полиция қызметінің қоғамдағы рөлі туралы кеңінен ақпарат беру, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің маңызын түсіндіру, сондай-ақ қызмет алушыларға қолдау көрсету және олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне ықпал ету болды.
Іс-шара барысында қатысушылар полиция бөлімінің әкімшілік ғимаратымен және қызметтік бағыттарымен танысты. Қонақтарға кезекші бөлімнің жұмысы, азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарын қабылдау тәртібі, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылатын жұмыстар туралы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықтық тәртіпті сақтау, интернет алаяқтықтарының алдын алу, жол қауіпсіздігі талаптарын сақтау және төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету тәртібі жөнінде ақпарат берді.
Кездесу аясында полиция қызметкерлері құқық қорғау саласындағы қызметтің жауапкершілігі мен маңызына тоқталып, қоғам тыныштығын сақтау жолындағы күнделікті жұмыстар туралы айтып өтті. Қызмет алушыларға полиция қызметкерлерінің тәулік бойы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс атқаратыны түсіндірілді. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының халықпен өзара байланысын нығайту, азаматтардың сенімін арттыру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді.

Қатысушылар полиция бөліміндегі қызметтік кабинеттерді аралап, мамандардың жұмыс процесімен танысты. Іс-шара барысында құқық қорғау саласында қолданылатын арнайы құрал-жабдықтар мен қызметтік техникалар көрсетіліп, олардың атқаратын қызметі түсіндірілді. Бұл қатысушылардың қызығушылығын арттырып, полиция қызметінің қыр-сырын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Кездесу еркін әрі ашық форматта ұйымдастырылып, қызмет алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Әсіресе қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, заң талаптарын сақтау, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөніндегі түсіндіру жұмыстары қатысушылар үшін пайдалы ақпарат болды. Полиция қызметкерлері заңды білу және сақтау әр азаматтың қауіпсіз өмір сүруінің басты кепілі екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің тәрбиелік әрі танымдық маңызы жоғары екенін жеткізді. Полиция бөлімінің қызметкерлері қоғаммен тығыз байланыс орнату, азаматтарға қолдау көрсету және құқықтық түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыру маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
