Ақтөбеде жарнама түсіру кезінде жол ережесін бұзғандар жауапқа тартылды
Ақтөбеде жарнама түсіру кезінде жол ережесін бұзғандар жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы уақытта қоғамдық тамақтану орындарының жарнамасы барған сайын агрессивті сипат алып барады. Көпшіліктің назарын аударуға ұмтылған кейбір азаматтар жол қозғалысы ережелерін бұзып, өздерінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруде.
Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбада қыздың қаладағы кофеханалардың бірін жарнамалау барысында қозғалыстағы автокөліктің терезесінен денесін шығарғаны анықталды. Мұндай әрекеттер қауіпсіздік талаптарына қайшы келеді және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізушісі мен жолаушы қызды анықтады. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін олар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Полиция жолдағы қауіпсіздік әрбір азамат үшін басты орында болуы тиіс екенін еске салады. Әсерлі контент түсіру, жарнамалық акциялар өткізу немесе бейнероликтер дайындау заң аясында болуы керек.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік үшін жүргізушілер де, жолаушылар да бірдей жауапты екенін ұмытпаған жөн.
