Ақтөбеде жаза өтеу тәртібін бұзған сотталған әйел қамауға алынды
Ақтөбеде жаза өтеу тәртібін бұзған сотталған әйел қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматша сот талаптарын орындамағаны үшін 11 ай 10 тәулікке бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталған 38 жастағы азаматшаға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындау кезінде сот тарапынан оның бұрын сотты болмағаны және үш баласының екеуі кәмелетке толмағандығы ескерілген болатын.
Алайда сотталған азаматша өзіне қоғамнан оқшауланбай түзелуге мүмкіндік берілгенін ескермей, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу шарттарын себепсіз, қасқана бұзған.
Яғни, пробация қызметінің инспекторларына хабарламастан тұрғылықты мекенжайын тастап, бірнеше мәрте қала сыртына шыққан. Пробация қызметіне тіркелуге келмей, тексеріс іс- шарасы кезінде кешкі уақытта тұрғылықты жерінде болмаған.