Ақтөбеде жаза өтеуден жалтарған есепте тұрған сотталған қамауға алынды
Ақтөбеде жаза өтеуден жалтарған есепте тұрған сотталған қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сот үкімімен 3 жылға бас бостандығын шектеуге сотталған Б. Ырғыз аудандық пробация қызметінің есебіне 2019 жылдың желтоқсан айында алынған болатын. Осы күннен бастап аталған пробация қызметкерлері есепке алынған Б.-мен ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда сотталған пробация қызметіне тіркелуге келмейді және пробация қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы бойынша тексере барғанда, мекенжайында болмағаны үшін бірнеше мәрте ескертулер беріледі.
Сот жүктеген міндетке сай, Ырғыз аудандық пробация қызметі сотталған Б.- ны жіті бақылауға алып, тұрғылықты мекенжайы бойынша тұрақты түрде тексеруді қолға алады. Дәл осындай тексеру іс-шарасы кезінде сотталғанды мекенжайынан таппаған пробация қызметкерлері оны ауыл тұрғынының бір бас малын ұрлау үстінде ұстайды. Яғни, қол арбаға ұсақ малды салып, үйіне алып келе жатқан есепте тұрған сотталғанның “Кімнің малы?” деген сұраққа лезде жауап айта алмай, сасқалақтауы пробация қызметкерлерінің күдігін тудырып, аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобын шақырады.
Бірақ мал ұрлығымен ұсталған сотталған құқық қорғау қызметкерлерінің қатаң ескертуіне әлі де ден қоймай, арада 3 күн өткенде пробациялық бақылаудан қашып, жасырынады. Тек оған жарияланған іздеуден кейін ғана Ырғыз аудандық пробация қызметкерлері мен аудандық полицияның криминалдық бөлімінің қызметкерлерімен бірлескен жедел-іздестірудің нәтижесінде қолға түседі. Сөйтіп, өзінің жаза өтеу тәртібін өрескел бұзғанын білгендіктен, қылмыстық жауапкершіліктен құтылғысы келген сотталғанның бұл ойы да іске аспай, қамауға алынды.
– Есепте тұрған сотталған Б-ның жоғарыда аталған жаза өтеу тәртібін бұзушылықтарына қатысты бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы пробация қызметінің ұсынысы аудандық сотта қаралып, қанағаттандырылды. Енді ол жазасының өтелмеген 1 жыл 4 ай 25 күнін бас бостандығынан айыру орындарында өтейтін болады, – дейді Ырғыз аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Есет Әбдіразақов.