Ақтөбеде жаза өтеуден жалтарған есептегі әйел бас бостандығынан айырылды
Ақтөбеде жаза өтеуден жалтарған есептегі әйел бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрлық бабымен 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталып, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Әйтеке би аудандық пробация қызметіне есепке алынған азаматша Г.- ге пробация қызметкерлері профилактикалық әңгімелер жүргізіп, жаза өтеу тәртібін түсіндірді.
Алайда сот жүктеген талаптарды орындамай, пробацияға тіркелуге келмей қойған сотталған азаматша бөтеннің мүлкін ұрлап, тиісінше жауапкершілікке тартылды.
Азаматшаның жалғызбасты ана екендігін ескерген сот, оған кешірім беріп, ісі қысқартылған еді. Алайда бұдан кейін де есепте тұрған әйел өзіне берілген ескертулер мен рақымшылықты ескермей, пробация қызметіне хабарламай, тұрғылықты жерінен ешбір дәлелсіз кетіп қалады. Арада уақыт өткенде ішімдік ішкен күйінде әкімшілік құқық бұзушылық жасап, айыппұл арқалайды.
Әйтеке би аудандық сотының қаулысымен: азаматша Г., сот жүктеген міндеттерді орындамай және берілген ескертулерді ескермей, яғни түзелу жолына түспей, есесіне пробация бақылауынан жасырынып 1 жыл ішінде қайта қылмысқа барып, қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген мерзімі, яғни 2 жыл 1ай 15 күн мерзімі бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.