Ақтөбеде жолаушылар автобусы аударылды
26 ақпанда шамамен кешкі сағат 20:00–де Қарабұтақ кентінен 20 шақырым жерде жолдың тайғақ учаскесінде «Икарус» маркалы автобусы кюветке шығып, аударылған. Шымкент қаласынан Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласына жол тартқан автобустың салонында 48 адам, оның ішінде 3 жүргізуші Қазақстан азаматтары және 45 жолаушы Тәжікстан республикасының азаматтары болған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ. Патрульдік полиция мен ТЖД қызметкерлерімен жолаушылар кемпингке орналастырылды.
Келесі күні ауыр техниканың көмегімен автобусты көтеріп, жолға қойды, бірақ автобустың істен шыққаны анықталды. Кешке Шымкенттен тағы бір автобус келіп, жолаушыларды отырғызып, полиция қызметкерлері Қостанай облысының шекарасына дейін ілестірді.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін сақтауды, сондай-ақ елді мекендерден тыс жерлерге шығу кезінде жол-метеорологиялық жағдайларды ескеруді сұрайды.