Ақтөбедегі тергеу изоляторында сотталғандардың туыстары үшін ашық есік күні өтті
Ақтөбедегі тергеу изоляторында сотталғандардың туыстары үшін ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбедегі КА-168/1 тергеу изоляторында сотталғандардың туыстары үшін «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылған іс-шарада тергеу изоляторына келген сотталғандардың туыстарын алдымен жеке сұрақтары бойынша КА-168/1 мекемесінің бастығы Аман Құлмұхамбетов қабылдап, келушілерге мекеменің шаруашылық қызметі жасағындағы сотталғандар арасында ұйымдастырылатын тәрбиелік іс-шаралар, еңбекпен қамтылған сотталғандардың айлығы және сотталғандардың мекемедегі жалпы ұсталу жағдайы жөнінде айтып берді.
Мекеме бастығының қабылдауында сотталғандардың бір туысы «шартты түрде мерзімінен бұрын босату үшін сотталғанның өтініші қалай берілетіндігі» жөнінде сұрады.
Аман Құлмұхамбетов шартты түрде жаза өтеу мерзімі бітуге таяған сотталған жасақ бастығына өз өтінішін беру қажеттігін, ал жасақ бастығы заңмен белгіленген мерзімде өтініш иесіне қатысты міңездемелік құжаттарды дайындайтындығын және мекеме әкімшілігі аталған құжаттарды сотқа жолдайтынын түсіндірді. Осы орайда мекеме бастығының қабылдауына келушілер осындай керемет іс- шара үшін мекеме әкімшілігіне алғыстарын айтты.
Мекеме бастығының қабылдауынан кейін сотталғандардың туыстары шаруашылық қызметі жасағына бет алды. Алып ұшқан көңілмен сағынысқан құшақтар көпке дейін жазылмай, көздеріне жас алған анасы баласымен, әйелі жолдасымен, ағасы мен әпкесі бауырымен жүздескеніне қуанды. Ыстық қауышудан кейін мекеме әкімшілігі жазасын өтеушілердің туыстарына мекеме аумағын аралатып, сотталғандардың тұрғын үй-жайын, дайындалатын ас мәзірлерімен таныстырды. Ал мекемені аралау аяқталғаннан кейін “Ашық есік күніне” келгендер мен мекемедегі жазасын өтеушілер бір дастархан басында ас ішіп, мәре-сәре болды. Оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында басқа жазасын өтеушілер ән шырқап, би биледі, түрлі қызықты ойындар ұйымдастырды. Концерттік бағдарлама барысында өмірге әкелген аналар мен жұбайларына алғыстар айтылды.
– Түзеу мекемелерінде «Ашық есік күнін» өткізудегі мақсат – сотталғандардың туыстары мен мекеме әкімшілігі арасында сенімді қарым-қатынас орнаып, туыстық байланысты жоғалтпау, жазасын өтеушілерге моральдік- психологиялық тұрғыда қолдау көрсете отырып, оларды әлеуметтік, жағымды мінезге тәрбиелеу. Бұндай іс-шаралар мекеме жұмысының қоғамға ашықтығын қамтамасыз ете отырып, жазасын өтеушілердің туыстарының мекеменің тұрмысымен, ішкі тәртіп ережелері және жазаны өтеу шарттарымен, еңбек қызметімен танысуға мүмкіндік береді, – дейді КА-168/1 мекемесінің бастығы Аман Құлмұхамбетов.
Айта кету керек, соңғы жылдары елімізде короновирус індетіне байланысты жарияланған Төтенше жағдайға байланысты бас бостандығынан айыру орындарындағы жазасын өтеушілерге де жақындарымен бетпе-бет кездесуге шектеулер қойылған еді. Бүгінгі Ақтөбедегі өткен “Ашық есік күні” КА-168/1 мекемесінде пандемия жылдары кезіндегі алғашқы кездесу.