Ақтөбелік пробация инспекторы сотталғанның мерзімі өткен құжатының айыппұлын төлеп берді
Пробация инспекторы сотталғанның мерзімі өткен құжатының айыппұлын төлеп, өмірде бар екенін растайтын құжатын жасап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы «адам денсаулығына қасақана зиян келтіру» бабы бойынша есепте тұрған сотталған азамат М.-ның жеке басын куәландыратын құжатын дайындап берді.
Пробация қызметіне есепке алынған күннен бастап, сотталғанның құрылыс жұмыстарына икемі барын білген Пробация қызметі оның «қайта қылмысқа бармауы үшін» аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, осы саладан құрылыс жұмыстарын ұсынады. Арада аз уақыт өткенде Пробация қызметіне «қолыма жара шықты, жұмысқа жарамаймын» деп шағымданып келген сотталған Б.-ға пробация қызметі тегін ем алуға емханаға жолдама береді. Алайда сотталған азамат ешқандай себепсіз емханаға да, жұмысқа да бармай қояды. Тіпті, жеке құжатының мерзімі өтіп бара жатқанын ескерткен пробация инспекторларына жүріп-тұруға ақшасының жоқтығын сылтауратып, бармай қояды.
– Есепте тұрған сотталған М. пробация қызметінен жасырынып, тіркелуге келмейтіндіктен, пробация қызметінің инспекторы оны мекен- жайы бойынша жиі тексеріп, сот міндеттеген талаптарды бұзбауы туралы бірнеше рет ескертулер беріп келеді. Сонымен қатар, пробация инспекторы сотталғанға жеке құжатының мерзімі өтіп бара жатқанын, ауыстыруы керектігін бірнеше мәрте ескерткенмен, сотталған азамат нәтиже шығармағандықтан, Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы Руслан Кульмурзин, әлеуметтік- құқықтық көмек көрсету аясында, сотталғанның мерзімі өткен құжаты үшін айыппұлын төлеп, жеке құжатын алып берді, – дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы Айғаным Алмағамбетова.