Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбелік ұландық жауынгер «Жыл патриоты» атанды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығын мерекелеуге орай Нұр-Сұлтан қаласында патриоттар форумы өтті. Оған көрнекті мәдениет өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар қатысты. Барлығы 1500-ге жуық делегат жиналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Форумда «Ғылым және білім», «Мәдениет және спорт», «Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы», «Технология және бизнес» бағыттары бойынша жыл патриоттары анықталды.

«Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар» номинациясы бойынша Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Ұлан Мырзабай марапатталды. Марапатты батырға елорда әкімі Алтай Көлгінов табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлан Мырзабай Ақтөбедегі қаңтар  оқиғалары кезінде Отан алдындағы борышын абыроймен орындады. Әлеуметтік желілерде Ақтөбедегі митинг белсенділері Ұлттық ұланның әскери қызметшісін өз жағына тартуға тырысқаны туралы видео танымал болды. Алайда ұландық офицер үгітшілерге көнбей, әскери антына адалдық танытты.

– Біздің әрқайсымыз өз қанымыз бен өмірімізді аямай, Отанды абыроймен қорғауға ант бердік. Еліміз біздің азаматтарымыздың қоғамдық қауіпсіздігін қорғауды сеніп тапсырды. Менің ойымша, осы сенімге лайық болу керек, – дейді «Жыл патриоты» номинациясының жеңімпазы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру