Ақтөбеліктің үйінен ақбөкен мүйіздері тәркіленді
Ақтөбеліктің үйінен ақбөкен мүйіздері тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қыркүйек күні алынған ақпарат бойынша жедел іс-шаралар өткізу барысында Мәртөк ауданының 31 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның тұрғылықты жерінен екі дана (бір жұп) ақбөкен мүйізі табылды. Аталған факті бойынша оқиға орнына Мәртөк аудандық полиция бөлімінің тергеу-жедел тобы жіберілді, келген бойда екі дана мүйіз тәркіленді.
Тұрғын үйді санкцияланбаған тінту барысында сарай төбесінен 16 калибрлі белгіленбеген үлгідегі екі ұңғылы (көлденең) мылтық тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1.1-бөлігі (Киікті заңсыз аулау, жою, сол сияқты заңсыз олжаланған киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ, атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілуде.
Полиция департаменті заңсыз сақталған қаруды немесе оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырған кезде азаматтар жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.