Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Әр полицей – өз ауданының ұйытқысы болуы тиіс": Түркістан полициясына нақты тапсырмалар берілді

Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков полиция департаментінің басшылығы және жеке құрамымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және полиция қызметкерлерінің тұрғындармен өзара іс-қимылын күшейту мәселелері талқыланды.

Министрдің орынбасары әр полиция қызметкері тек құқық бұзушылыққа ден қойып қана қоймай, өзі қызмет атқаратын аумақта профилактикалық жұмыстардың ұйымдастырушысы болуы қажеттігін атап өтті.

– Әрбір полиция қызметкері – өз ауданының спорттық-мәдени іс-шараларының ұйымдастырушысы, "Таза Қазақстан" секілді Мемлекет басшысы бастамаларын қолдаушы, оны тұрғындарға түсіндіруші әрі профилактикалық жұмыстарды үйлестіруші болуы тиіс. Сонда ғана елімізде қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берілмейді, – деді Айдар Сайтбеков.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының ішкі істер органдары алдына қойған міндеттері мен Ішкі істер министрлігінің негізгі талаптары жеткізілді. Басты назар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуге аударылды.

– Киелі жерде халыққа қызмет ету – үлкен мәртебе әрі абырой. Сондықтан әрқайсыңыздың қызметіңізді жоғары бағалап, алдағы үлкен науқанда заң талаптарын мүлтіксіз сақтап, жауапкершілікпен орындайды деп сенемін, – деді Айдар Сайтбеков.

Жұмыс сапары барысында министрдің орынбасары полиция департаментінде жаңадан ашылып жатқан басқарма ғимаратын аралап, оның жұмысымен танысты.

Сонымен қатар жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің жауынгерлік даярлығын көріп, олардың кәсіби шеберлігін арттыру және қызмет атқаруына қажетті жағдай жасау мәселелеріне назар аударды.

Сапар қорытындысы бойынша полиция департаментінің басшылығына қызметтік тәртіпті нығайту, жеке құрамның кәсіби даярлығын жетілдіру және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру