Атырауда полицейлер жасанды интеллект пен Vibe Coding мүмкіндіктерін меңгерді
Атырау облысында полиция қызметкерлері жасанды интеллект пен Vibe Coding технологияларын қызметтік міндеттерін орындауда тиімді қолдану дағдыларын меңгерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 5-6 тамыз күндері Атырау облысы полиция департаментінде "Жасанды интеллект технологиялары мен Vibe Coding-ті практикалық қолдану" тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Оқытуға аудандық және қалалық полиция бөліністерінің қызметкерлері қатысты. Екі күндік семинар барысында полицейлер жасанды интеллект құралдарын қызметтік міндеттерді орындауда пайдалану, ақпаратты талдау, цифрлық сервистермен жұмыс істеу және заманауи технологияларды практикалық тұрғыда қолдану бағытында білімдерін жетілдірді.
Оқу барысында қатысушылар теориялық біліммен қатар, цифрлық құралдарды нақты жұмыс үдерістерінде қолдану тәсілдерін меңгерді. Бұл қызметтік міндеттерді орындау барысында ақпаратпен жұмыс істеу тиімділігін арттырып, бірқатар үдерістерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Семинар-тренингті сәтті аяқтаған полиция қызметкерлеріне арнайы сертификаттар табысталды.
Заманауи технологияларды меңгеру – полиция қызметін цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі. Мұндай оқыту шаралары жеке құрамның цифрлық сауаттылығын арттырып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қызметте тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануға жол ашады.
