Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әріптестіктің жаңа бағыты

ІІМ «Ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС-нің бастамасымен 29 қыркүйекте «Салалық басылымдар: әріптестік пен өзара іс-әрекет ету мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Медиа орталықта өткен шараға ҚАЖ комитеті, Көліктегі ПД, өңірлік ішкі істер органдары, атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласы ПД, ҚАЖД баспасөз қызметінің өкілдері қатысты.

Шараны алғысөзімен ашқан «Ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС-нің бас директоры Әлімжан Жарылқағанов жиналғандарды семинар-тренингтің басты мақсатымен таныстыра келіп, салалық басылымдарда қолға алынған бастамалар мен өзгерістер жайында хабарлады.

Мұндай шараның Медиа орталықта алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын тілге тиек еткен бас директор: – Семинарды өткізудегі басты мақсатымыз – өңірлік баспасөз жетекшілерін Медиа орталықтан шығатын газет-журналдардың жұмысымен жақынырақ таныстыру болып табылады. Сондай-ақ, ведомстволық басылымдарды шығару кезінде редакция тарапынан жиі көтерілетін өзекті сұрақтарды талқыға салып, баспасөз қызметкерлерінің де ұсыныс-өтініштерін, ойларын білсек дейміз, – деді.

Семинар жұмысына қатысқан ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының міндетін атқарушы Альбина Махамбетова ведомстволық басылымдардың маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті.

– ІІМ – еліміздегі жеке құрамының саны көп, атқарар жұмысы ауыр, арқалаған міндеті салмақты ауқымды құрылым. Министрліктің ақпарат майданында ашықтығын, қолжетімділігі мен жеделдігін қамтамасыз ететін басты қызмет – баспасөз жетекшілеріне жүктелер жауапкершілік те үлкен. Аймақтағы ішкі істер органдарының оң имиджін қалыптастыру, полицияның қоғамдағы абырой-беделін көтеру, айтылған сын-ескертулерге дер кезінде салмақты әрі сауатты үн қату – осының барлығы сіздерге жүктелген, – деген Альбина Сайдғалиқызы халық пен полиция арасын байланыстырып тұрған маңызды қызметттің қиындығы мен жауаптылығына кеңінен тоқталды. – Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақыт – ақпараттың заманы. Сағат сайын емес, сәт сайын өзгеріп отыратын ақпараттық кеңістікте ІІМ-нің оң имиджін сақтап қалу, әр сын мен мінге дер кезінде жауап беру үлкен жауапкершілікті ғана емес, кәсіби біліктілікті талап етеді.

Екі бөлімнен тұрған шараның бірінші жартысы семинар-кеңес форматында – сұрақтарды талқылау, кеңесу ретінде өтсе, екінші бөлімде Медиа орталық қызметкерлері нақты тақырыптар бойынша шеберлік сыныбы мен тренинг өткізді. Медиа орталықтың бас редакторы Тоқнияз Кучуков елімізде болған адам өлтіру, ұлтаралық жанжал, лаңкестік секілді резонансты қылмыстарға тоқталып, жұртты дүрліктірген осындай ауыр оқиғалар кезінде баспасөз қызметінің іс-әрекеті қандай болуы керек, баспасөз мәлімдемесін қалай сауатты жазу қажет деген сұрақтарға егжей-тегжей тоқталды.Тренинг кезінде «Ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары Бану Әділжанова аударма жасау, редакциялау, материалды өңдеу кезінде кететін өрескел қателерден нақты мысалдар келтіріп, сауатты мақала жазудың басты ережелерін еске салып өтті.

Сондай-ақ, басқосу барысында Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының шеф-редакторы Фариза Мұхаметғали аймақтық баспасөз қызметкерлері тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, ІІМ ресми сайтына ақпарат жариялаудың тәртібі мен басты талаптары туралы хабардар етті. Ал «На страже» газетінің шеф-редакторы Гүлжанат Жұбаниязова басылымға мақала жазу барысында есерілуі керек басымдықтарға тоқталса, «Жазаларды орындау-Исполнение наказаний» журналының шеф-редакторы Айнұр Жылқышинова «Баспасөз қызметі мен ведомстволық басылымдар арасындағы байланыстың тиімді жолдары» тақырыбы төңірегінде ойын ортаға салды. Медиа орталықтың фототілшісі Қуанышбек Дүйсенбеков портреттік очерк, сұхбат және репортажда сапалы фото түсіру тәжірибесімен бөлісті.

Дискуссия барысында ішкі істер органдарының ақпараттық-насихаттық жұмысын атқарып жүрген баспасөз жетекшілері де өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, кадр жетіспеушілігі, техникалық жабдықталу мәселесі, қоғамдық резонанс тудырған қылмыстарды дер кезінде жариялау кезінде туындайтын кедергілер жөнінде ой-пікірлерін жеткізді. Мәселен, Көліктегі ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Ләззат Қасымжанова жалақысы аз қызметте тұрақтамайтын кадр мәселесін көтерсе, Нұр-Сұлтан қаласының ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Эльмира Шәуленова қоғамда үлкен дау тудырған ауыр қылмыстар туралы ақпарат таратудың заңдылығына жан-жақты тоқталды.

Семинар жұмысында аймақтағы баспасөз қызметкерлерінен келіп түсетін материалдар мен фотосуреттердің сапасы, редакция мен баспасөз жетекшілерінің арасындағы байланыс орнату, бірге жұмыс істеудің оңтайлы тұстары жөнінде де нақты ұсыныстар айтылды. Әріптестіктің жаңа бағыт-бағдарын айқындап берген семинар-тренингке қатысушылар екіжақты байланыс орнатуда мұндай басқосуларды тұрақты өткізудің маңыздылығын да атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру