«Арзан бағада жем алып беремін»: алаяқ ордабасылықты 180 мың теңгеге алдап кетті
Ордабасыда алаяқ тұрғынды 180 мың теңгеге алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық ПБ-ға алаяқтың құрығына түскен Ордабасы ауданының тұрғыны арызданып келген. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, сырттай танысы арзан бағада мал жемін алып беремін деп алдап, алдын ала 180 мың теңге ақшасын алып алған. Осылайша, екі аптаға жуық уақыттан бері алдап келгенін көрсеткен.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Орын алған оқиғаны анықтау мақсатында кентаулық сақшылардан жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстарына кірісті. Жан-жақты жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде полицейлер күдіктінің жүрген жерін анықтады. Оны тауып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін күдікті ер адамды ПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Анықталғандай, күдікті өзінің арзан бағада жем сататынын айтып жәбірленушіден алаяқтық жолмен ақша алған. Ал ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Бұған қоса, күдіктінің тағы қандай алаяқтық жайтына қатысы бары анықталуда.