Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астана проблемаларының картасы: елордалық ПД бастығы тұрғындармен кездесті

Астана қаласы полиция департаментінің бастығы кездесуді жыл басынан бергі жедел-қызметтік жұмысты қорытындылаудан бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жалпы, Сарыарқа ауданы бойынша қылмысты тіркеудің 5,8%-ға төмендеуі байқалады, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, бұзақылық, бопсалау, автокөліктен ұрлау және айдап әкету саны азайды. Қылмыстардың барлық дерлік санаттарының ашылуы жақсарды. Айта кету керек, халық саны тұрақты өссе де, соңғы 5 жылда қылмыс саны 1,5 есеге азайған. Елордалық полиция басшысы тұжырымдама шеңберінде әзірленген проблемалық-бағдарланған тәсілді қалыптастыратын және проблемаларды басқару процесін енгізетін Астана проблемаларының картасына тоқталды. Бұл нақты проблемаларды анықтауға, жүйелеуге және жоюға, жұмыстың тиімділігін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыру үшін қажетті дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

Астана проблемаларының картасы 38-ге жуық негізгі проблемаларды қамтитын 7 негізгі топтан тұрады. Бұл масаң күйде жасалған қылмыс, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, ұрлықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі және басқалар. Марат Төлебаев есірткі құқық бұзушылықтарына, оның ішінде “синтетикамен” байланысты қылмыстардың тіркелуінің өсуіне де тоқталды. Жыл басынан бері 79 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде 49-ы – сату фактісі. 72 келі есірткі тәркіленді, 63 адам ұсталды, 52 наркосайт бұғатталды, 2 есірткі зертханасының қызметі анықталды және жолы кесілді.

Сонымен қатар баяндамашы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мәселелеріне тоқталды. Биыл дағдарыс орталықтарына 46 адам орналастырылды, оның 13-і әйел, 33-і кәмелетке толмаған жасөспірім. 2 499 қорғау ұйғарымы шығарылды.

Жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, азаматтардың сенгіштігіне байланысты соңғы 5 жылда алаяқтық саны 4 есеге артты. Биылғы жылы 1 715 интернет-алаяқтық тіркелді. Бұл қылмыстардың өсуі технологиялар мен онлайн-сервистердің дамуымен тікелей байланысты. Осылайша, 18 қатысушыдан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды, олар жоқ автокөліктерді ұтып алу бойынша Call-орталық ұйымдастырып, осылайша 80 азаматқа 90 млн теңгеге жуық шығын келтірді.

Сондай-ақ әрбір үшінші қылмыс  ұрлық қылмысы екені айтылды. 5 айдың қорытындысы бойынша ұрлық саны 14,1%-ға, оның ішінде пәтер ұрлығы 12,3%-ға, Сарыарқа ауданы бойынша 22,3%-ға, оның ішінде пәтер ұрлығы 24,8%-ға төмендеді.

Тұжырымдама шеңберінде мүлікті міндетті сақтандыру институтын енгізу мәселесі қаралуда. Көлік тәртібін арттыруда бұзушылықтарды тіркеудің автоматты жүйелері маңызды рөл атқарады. ҚР ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша “Қорғау” мобильдік қосымшасы әзірленді. Іске қосылған сәттен бастап жалған мемлекеттік нөмірлері бар автокөлікті басқарған 106 жүргізуші, көлік басқару құқығы жоқ 1594 және көлік басқару құқығынан айырылған 322 адам, сақтандыру полисі жоқ 3 054 жүргізуші анықталды. Масаң күйде автокөлікті басқарудың 642 фактісі анықталды, 923 мемлекеттік нөмір тәркіленді.

Полиция жұмысының сервистік моделі белсенді енгізілуде. Адамға бағытталған модельге, клиентке бағдарлануға көшу қамтамасыз етіледі. “Жұртқа жақын полицей” қағидаты енгізілуде, ол қоғамдық орындарда полицейлердің тұрақты болуының әсерін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда қала бойынша тұрғындарға қызмет көрсету үшін 10 модульдік бекет, 48 учаскелік полиция бекеті орнатылды. Азаматтардың күнделікті өзекті мәселелері, оның ішінде қылмыстық істерді тергеуге байланысты мәселелер жедел шешілетін және заңгерлік консультациялар берілетін сервистік орталықтар құру көзделген. Қорытындылай келе, елордада қоғамдық тәртіпті сақтау маңызды және мұнда азаматтардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдайлар жасалуы керек. Жыл сайын әкімдіктің қолдауымен елордалық полицияның материалдық-техникалық базасы жақсарады. Құқықтық тәртіпті қорғау және қылмысқа қарсы күрес үшін қажетті заманауи техника мен қызметтік автокөліктер бар.

Кездесу қорытындысы бойынша азаматтардың сұрақтары тыңдалды. Тұрғындарды жол қауіпсіздігі мәселелері, атап айтқанда Көктал тұрғын алабы ауданында жол белгілерін, бағдаршамдар орнату, түнгі уақытта тыныштықты бұзу және полицейлер тарапынан қабылданып жатқан шаралар қызықтырды, сондай-ақ тұрғындар есірткіні жасырумен айналысатындарға шағым түсірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру