Астанада аккумулятор ұрлаған азамат құрықталды
Астанада аккумулятор ұрлаған азамат құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде аккумуляторлық батареяларды ұрлауға қатысы бар 44 жастағы ер адамды анықтады.
Түнгі уақытта оның Обаған көшесінде тұрақта тұрған жүк көлігін байқағаны анықталды. Иесінің жоқтығын пайдаланып, күдікті көліктен құны 160 мың теңге болатын екі аккумуляторды ұрлап кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер ұрлыққа қатысы бар адамды “ізін суытпай” ұстады.
Ер адам ұрлық жасағанын мойындады. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру жүріп жатыр.
Автокөліктерден ұрлықты болдырмау үшін автокөлік иелеріне көлік құралын күзет дабылымен жабдықтау, сондай-ақ өз көліктерін күзетілетін тұрақтарға немесе бейнебақылау камераларымен жабдықталған орындарға қою ұсынылады.