Астанада ер адам жаңа танысын смартфонсыз қалдырды
Астанада ер адам жаңа танысын смартфонсыз қалдырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын қылмыстық әрекеті үшін сотталған және пробация қызметінде есепте тұрған 21 жастағы астаналық тағы да ұсталды.
Қала тұрғыны өзінің танысымен кездесу ұйымдастырғаны анықталды. Содан кейін, ішімдік ішіп отырып әңгімелерін әрі қарай жалғастыру үшін екеуі жәбірленушінің үйіне қарай бет алған. Таңертең ханым қатты ұйықтап жатқанда, ол 230 мың теңге тұратын ОРРО маркалы телефонын алып, пәтерден кетіп қалған.
Біраз уақыттан кейін үй иесі смартфонының жоғалғанын анықтап, полицияға хабарлаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Байқоңыр ауданының полиция қызметкерлері қала тұрғынын анықтады. Ұрланған смартфонды полиция тәркілеп, иесіне қайтарып берді.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.