Астанада полиция ұрлық фактілерінің бетін ашты
Астанада полиция ұрлық фактілерінің бетін ашты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі ұрлық фактісіне қатысы бар екі жігіт анықталды. Күдіктілердің қылмыстық әрекеттері бейнебақылау камераларының көмегімен әшкереленді.
Бірінші жағдайда Әлихан Бөкейхан көшесінде орналасқан автосервис аумағында ұрлық жасалған. 19 және 22 жастағы екі ер адам бөгде адамдардың еркін қолжетімділігін пайдаланып, жәбірленушінің қараусыз тұрған iPhone 15 Pro Max телефонын жасырын түрде иемденген.
Жедел қызметкерлер автосервис аумағындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу барысында күдіктілердің әрекетін анықтап, олардың жеке басын жедел түрде белгіледі. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде екі ер адам да ұсталды.
Алайда тексеру барысында күдіктілердің бұған дейін де ұқсас қылмыс жасағаны анықталды. Атап айтқанда, олардың Қабанбай батыр даңғылы бойындағы дәріханадан дәрілік заттарды ұрлау фактісіне де қатысы бар екені белгілі болды.
Қазіргі уақытта екі күдікті де Астана қаласы ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Полиция азаматтарды қырағылық танытып, жеке мүлкін қараусыз қалдырмауға шақырады. Бағалы заттарды қоғамдық орындарда немесе бөтен адамдардың еркін қолжетімді жерлерінде қалдырмау — ұрлықтың алдын алудың тиімді жолдарының бірі.
