Астанада полицияның қоғамдық көмекшілері марапатталды
Астанада полицияның қоғамдық көмекшілері марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсене атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара құқық бұзушылықтың алдын алуға, халықпен тығыз серіктестік орнатып, сенімді нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген қоғамдық көмекшілерге алғыс білдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға полиция департаментінің басшылығы, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, учаскелік инспекторлар мен марапатталған еріктілер қатысты. Жиын барысында қоғамдық тәртіпті сақтауда ерекше белсенділік танытқан азаматтарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
– Қоғамдық көмекшілер – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды буыны. Олардың қолдауы арқылы біз халыққа бұрынғыдан да жақын бола түсеміз, заманауи қауіп-қатерлерге жедел әрі тиімді әрекет ете аламыз, – деп атап өтті полиция департаменті бастығының орынбасары Эльдар Данияров өз құттықтау сөзінде.
Іс-шара соңында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз-подход ұйымдастырылып, қатысушылар өз әсерлерін бөлісті. Бұл кездесу – полиция мен қоғам арасындағы серіктестіктің нақты әрі жарқын үлгісі болды.