Астанада полицияның құрама командасы жасақталды
Астанада полицияның құрама командасы жасақталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Abutalip Boxing” спорт кешенінде Астана қаласы полиция департаментінің құрама командасына іріктеу кезеңі өтті. Іріктеу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бокс бойынша алдағы чемпионатына қатысу үшін ұйымдастырылды. Аталған жарыс 22–28 мамыр аралығында Қарағанды қаласында өтеді.
Іріктеу барысында қатысушылар дене дайындығының деңгейін, төзімділігін және спорттық мінезін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша республикалық ведомстволық турнирде елорда полиция департаментінің атынан өнер көрсететін команда құрамы жасақталды.
Құрама команданы жасақтау жұмыстарын Астана қаласы полиция департаменті бастығының физикалық даярлық және спорт жөніндегі көмекшісі, ІІМ “Арлан” спорт клубының басшысы — ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қолма-қол ұрыс бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұрат Исмағамбетов, сондай-ақ бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық санаттағы төреші, бокстан спорт шебері Дана Ахметова жүргізді.
Алда команданы оқу-жаттығу жиындары және алдағы жекпе-жектерге дайындық күтіп тұр. Мұндай жарыстарға қатысу қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға және ішкі істер органдарында салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.
Біздің спортшыларға сенімді өнер көрсетіп, Астана қаласы полиция департаментінің атынан республикалық деңгейде лайықты түрде өнер көрсетуін тілейміз.
