Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада тұрғындарға ескерту ретінде апатқа ұшыраған көліктер шеруі өткізілді

Елордада “Өмір жылдамдықтан маңызды!” атты автошеру өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл шара қала тұрғындарына жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдарын еске салуға бағытталды. Акцияның ерекше форматы бірден назар аудартты: елорда көшелерімен жол-көлік оқиғасына ұшырап, зақымданған автокөліктерден құралған колонна жүріп өтті. Бұл — жылдамдықты арттыру мен ережелерді елемеудің нақты салдарын көрсететін көрініс болды.

Автошеруді Астана қаласының полиция департаменті “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында ұйымдастырды. Негізгі мақсат — тек ақпарат беріп қана қоймай, жүргізушілердің қателігі қандай жағдайларға әкелетінін көзбен көрсету.

Колонна әкімшілік полиция басқармасының аумағынан бастау алып, Пушкин, Қалдаяқов, Тәуелсіздік, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала және Тұран даңғылдары арқылы жүріп өтті. Шараның соңғы нүктесі — “Сағат” монументі маңындағы Орталық саябақ болды.

Колоннаның құрамына ерекше мән берілді: патрульдік автокөліктермен қатар, эвакуаторларға тиелген апатқа ұшыраған көліктер, жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру техникасы қатысты. Мұндай формат жол-көлік оқиғаларының салдарын әсерлі түрде көрсетуге мүмкіндік берді.

Акцияға сондай-ақ Астана қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы, Астана қаласы ТЖД, Астана қаласының автомотоспорт федерациясы және қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері қатысты.

Ал автошерудің мәресінде, Орталық саябақта профилактикалық жұмыстарды еріктілер мен №104 жайлы орта мектебінің жас жол инспекторлары жалғастырды. Олар жүргізушілерге жол қауіпсіздігі тақырыбындағы жадынамалар мен суреттер таратып, жолда жауапкершілік пен тәртіптің маңызын түсіндірді.

Жыл басынан бері Астанада 502 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның негізгі себептерінің бірі — жылдамдықты арттыру.

Мұндай акциялар тек назар аударту құралы ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың мінез-құлқына әсер етудің тиімді тәсілі. Осындай іс-шараларды өткізу қоғамның назарын мәселеге аударып, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру