Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан супермаркет басшысы марапатталды

Атырауда алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан супермаркет басшысы марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жұртқа жақын полиция қағидатын жүзеге асыру бағытында полицейлерге жүктелген басты міндеттердің бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық бағыттағы іс-шараларды жандандыру. Полиция жұмысының тиімділігін арттыру үшін жұртшылықпен тығыз қарым-қатынас орнату учаскелік полиция инспекторларына тікелей жүктелетіні жасырын емес. Атырау облысында учаскелік полиция инспекторларының жұртшылыққа көрсететін жұмыс сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету тікелей департамент бастығы Нұрхат Оразбаевтың бақылауында. Өңірдің бас полицейі учаскелік полиция инспекторларының есеп беру кездесулеріне қатысып, атқарылған жұмыстар мен тұрғындардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдап, нәтижелі қызмет көрсету үшін қажетті қабылдануы тиіс іс-шараларды бақылауға алуда. Сондай кездесулердің бірі Атырау қаласындағы №2 полиция пунктінде департамент бастығы алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан супермаркет басшысына алғысын білдірді.

– Қоғамда тіркеліп жатқан құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алкогольдік ішімдік ішкен мас күйде болатыны жасырын емес. Мас күйде көлік тізгіндеп, ауыр зардаптарға себеп болып жатқан деректер де бар. Сіздің бүгінгі азаматтық ұстанымыңыз теңіздің тамшысындай болса да өзгелерге үлгі боларлық іс. Сондықтан қылмыстың алдын алуға да үлес қостыңыз деп есептеймін, – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Кенжебайұлы. 

Атырау қаласының қақ ортасында орналасқан супермаркеттің қоғам игілігі үшін деп осындай шешім қабылдауы құптарлық іс. Мейірімбек Қалишанов – жеке кәсіпкер, Атырау қаласының тұрғыны. Кәсіпкердің айтуынша, алкоголь өнімдерін сатудан бас тартуды өткен жылы қолға алған. Бастапқы айларда жарияға салуды құп көрмеген, алайда көпшілік тұтынушылардың алғыс білдіріп қолдау көрсеткенінен соң әлеуметтік желіге жариялап өзгелерге де септігі тиер деп үміттенген. 

– Учаскелік полиция инспекторларының үнемі жұмыс барысында профилактикалық жұмыс жүргізуі, қоғамда болып жатқан оқиғаларға осы қалада тұрып жатқан соң бейжай қарай алматынымыз рас. Алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан соң, осы әрекетімді өзгелерге үлгі болу үшін өз аумағымдағы учаскелік полиция инспекторына хабарладым. Өзге кәсіпкерлерді де осы бағытта жұмыс істеуге шақырамын, – деді супермаркет басшысы Мейірімбек Калишанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру