Атырауда полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған 5 тұлға жауапқа тартылды
Атырау облысында полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық білдірген 5 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда ақпан айының 8 мен 14 аралығында полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық білдірген бес тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында екі әйел адам болған.
Мысалы, 12 ақпан күні сағат 02:30 шамасында «102» операторына 1990 жылы туған қала тұрғыны танысының мазалап жатқаны жөнінде хабарлама берген. Хабарланы тексеру үшін барған патрульдік полиция қызметкерлеріне Авангард мөлтек ауданында орналасқан балалар ауруханасының тұсында 1999 жылы туған азаматша қарсылық көрсеткен. Осыған орай, аталған азаматшаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабымен (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) әкімшілік хаттама толтырылып, аталған азаматшаға сот шешімімен 81 мың 676 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан басқа, 11 ақпан күні сағат 21:30 шамасында Авангард-4 мөлтек ауданындағы 10-үйдің тұсында 1990 жылы туған азамат қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін тоқтатылып, медициналық куәландыру үшін сараптамаға жеткізу барысында полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен. Осыған орай, аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабымен (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) әкімшілік хаттама толтырылып, оған 14 мың 585 теңге көлемінде айыппұл салынып, сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабымен (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен 58 мың 340 теңге көлемінде айыппұл салынды.