Атырауда полиция студенттермен нашақорлықтың алдын алу тақырыбында ауқымды кездесу ұйымдастырды
Атырауда полиция университет студенттерімен кездесу ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың көбеюіне жол бермеу. Осы мақсатта Сәфи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде "Нашақорлық – қоғам қасіреті" тақырыбында маңызды кездесу ұйымдастырылды.
Жиын барысында Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Ерлан Ғабитов, "Жаңа уақыт" қоғамдық қорының төрағасы, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің бөлім аға прокуроры, 3-сыныптағы заңгер, сондай-ақ Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры мен нарколог дәрігер студенттерге нашақорлықтың қоғамға тигізер зияны туралы баяндап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мамандар елімізде есірткіге тәуелді азаматтардың бейресми саны 300 мыңнан асатынын атап өтіп, психотропты заттардың адам ағзасына тигізер залалы мен оларды тасымалдауға байланысты заңнамалық қатаң шаралар туралы айтты.
Кездесу барысында Кинологиялық қызмет орталығының мамандары қызметтік иттердің есірткі заттарын анықтау әдістерін көрсетті. Хан атты қызметтік ит есірткі заттарын іздеп табудың қалай жүзеге асатынын іс жүзінде көрсетті.
Сонымен қатар студенттерге нашақорлықтың алдын алу жолдары, есірткісіз қоғам қалыптастырудың маңызы және есірткіге байланысты құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді.