Атыраудың тергеу изоляторында отырғандар ата-аналарын мерекемен құттықтады
Атыраудың тергеу изоляторында отырғандар ата-аналарын Қарттар күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/1 (тергеу изоляторы) мекемесінде 2 қазан – Халықаралық қарттар күнімен сотталғандар ата-аналарын құттықтады. Санитарлық талаптарды қатаң сақтанып отырған тергеу изоляторы, қуанышқа толы құттықтау шарасын, онлайн түрде «Skype» байланыс бағдарламасы арқылы өткізді.
– Жас баладай толқып отырмын, – дейді жазасын өтеуші Серік (аты өзгертілді). – Бостандықта болсам, қарт анам мен әкеме гүл мен тортымды алып, қыздарым мен ұлдарымды жетектеп, мәре-сәре болып құттықтайтын едім. Тағдыр осылай болып қалды, бірақ осыған да шүкір. Анамды көретініме қуаныштымын.
47 жастағы Азамат осы жылы ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) төрт жылға сотталған. Бостандықта оның үш баласы және 73 жастағы әкесі мен 71 жастағы анасы қалған.
– Әкем өмір бойына көлік жүргізушісі болып қызмет атқарып, анам – дүкенші болып жұмыс істеді. Қарапайым отбасында өстім, ешқашан біреуден-бір нәрсе сұраған емеспіз. Әке-шешеміз бағып-қағып өсірді. Жұрттан кем қылмады,-дейді Азамат.
Азамат әңгімесін аяқтай болғаны сол еді, «Skype» арқылы байланыс орнатылды. Алдымен амандасып, аман-саулық сұрасып, анасы мен әкесіне тілектерін айтты.
– Біздің қазынамыз – өздеріңізсіздер. Бұйыртса осы жерден шыққасын, сіздерге тек қуаныш сыйлайтын боламын. Сіздер беріп жіберетін сәлем-сауқатты алып, сіздермен бірге шәй ішіп отырғандай күй кешемін. Аман болыңыздар!, – деді Азамат көзіне жас алып.
– Мекеме әкімшілігіне рахмет! Анамды көру бұйырды. Тек қарттарымыз аман болсын! – деп қуанышты Азамат сөзін аяқтады.
Осындай әңгімелесу басқа да сотталғандармен болды. Тәрбие бөлімінің бастығы Қаламқас Әшірханның айтуынша, кездесулер сотталғандардың тезірек оңалып шығуына жақсы әсерін тигізеді.
– Осындай шаралардан кейін, олардың бостандыққа деген құлшыныстары артып, көңілді жүреді. Сол себепті барлық мейрам сайын олардың туыстарын шақырып, мекеме аумағында кездесулерді жиі өткізіп тұрамыз. Қазір карантин болғаннан соң, кездесулер виртуалды түрде болып жатыр, – дейді Қаламқас Әшірхан.
Атырау облысы бойынша ҚАЖД баспасөз-қызметі хабарлағандай, тергеу изоляторында 150-ден астам күдікті мен 11 сотталған отыр.