Атыраулық полицейлер 13 жыл бұрын жоғалған қырғызстандық әйелді тапты
Атыраулық полицейлер 13 жыл бұрын жоғалған қырғызстандық әйелді тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қылмыстарды ашып, күдіктілерді анықтаудан бөлек жоғалған адамдарды да табу үшін жедел іздестіру жұмыстарын жүргізеді.
Бұған дәлел мына оқиға – 2011 жылы Қырғызстан Республикасының ағайынды екі азаматшасы Атырау қаласына киім-кешек сатып саудамен айналысуға келген. Сол жылы нақты мерзім аяқталған соң азаматшаның әпкесі еліне кері оралмақ болып, ал сіңілісі осы қалада қалуға шешім қабылдайды. Екі бауырдың арасы сол жылы ажырап, 2013 жылы соңғы телефон қоңыраудан кейін сіңлісімен байланыс 13 жылға үзіледі. Аталған жағдай бойынша Атырау облысы Полиция департаменті бастығымен құрылған арнайы жедел-іздестіру тобы азаматшаны іздестіру жұмыстарына кіріседі. Белгілі болғандай, азаматша өз жақындарымен ренжісіп, осылайша ажырауға бел буған. Тіпті туыстары араға біраз жыл салып азаматшаны өз бетімен іздеп келгенімен, еш нәтиже шықпағанын да жеткізді. Бауырлар ұзақ жылдардан кейінгі табысу кезінде қуаныштың көз жасын жасыра алмады.
Жоғалған азаматшаның әпкесі тәртіп сақшыларына нәтижелі жұмыс пен іздеген жандарын дін аман тауып, отбасымен қауыштырғаны үшін алғыстарын айтты.
– Бір-бірлерін 13 жыл бойы көрмеген бауырларды қауыштырған полицейлерге айтар алғысымыз шексіз. 13 жыл бойы осы сәтті қанша армандап, күттім. Қуанышымда шек жоқ!, – деп көзіне жас алды қуанған әпкесі.