Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Молдовалық азамат Алматы әуежайында пышақ сатпақ болған

Көлік полицейлері Алматы әуежайында пышақ сатпақ болып жолаушылардың мазасын алған Молдова Республикасының азаматын әкімшілік жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің өкілдері әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылық фактілерімен 12 460 азаматты жауапқа тартқан. Оның ішінде қоғамдық орындарда жұрттың мазасын алған 623 адам бар.

Бұл жолы да Көлік полицейлері патрульдеу кезінде Алматы қаласының әуежайында Молдова Республикасының 26 жастағы азаматын ұстады. Ол қоғамдық орында ас үй пышақтарын сатпақ болып, жолаушылардың мазасын алған.

Тексере келе мамандар оның кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтынын анықтады.

Құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  449-бабының 3 бөлігі «Қоғамдық орындарда тиісу» және 204-баптың 2-бөлігі «Белгiленбеген орындарда сауда жасау»  бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, оған 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.


Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен шетелдік азамат бір тәулікке қамауға алынды.

Еске сала кетейік, ҚР заңнамасына сәйкес ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабы бойынша бірінші рет құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, үш жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 АЕК мөлшерде айыппұл немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау көзделген. Аталған әрекеттер шетелдік не азаматтығы жоқ  тұлғалар үшін бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі  мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен  шығарып жіберуге әкеп соғады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру