Аулада тұрған мопедтің автобөлшектерін шешіп алып кеткен астаналық тұрғын ұсталды
Аулада тұрған мопедтің автобөлшектерін шешіп алып кеткен астаналық тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға елорда тұрғыны жүгініп, белгісіз біреу оның аулада тұрған мопедінің авто бөлшектерін шешіп әкеткені туралы арызданған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Байқоңыр ауданы ПБ қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен 19 жастағы жас жігітті анықтады.
Тергеу барысында жігіттің түнгі уақытта Брусиловский көшесінде мопедпен кетіп бара жатып, аулада тұрған өзінікіндей көлікті байқағаны белгілі болды. Қылмыстық пиғылмен көлікке келіп, жан-жағында ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң мопедтің аккумуляторын, сол жақ бүйір айнасын және авто-тірегішін шешіп алып кеткен.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жігіт мойындау көрсетпелерін берді, заттай дәлелдемелер тәркіленді, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру жүргізіліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға сақ болуға, көліктеріңізді күзет дабылы жүйесімен жабдықтауға кеңес береді.