Көлік жүргізушісі тайғақ жол учаскесінде әйелді қағып кетті
«Ақтөбе-Хромтау» автожолында көлік жүргізушісі тайғақ жол учаскесінде әйелді қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 13 қарашасында шамамен сағат 20.00-де 28 жастағы «Lada Priora» маркалы автокөлігінің жүргізушісі, қала тұрғыны Ақтөбе қаласынан Хромтау қаласы бағытында, «Ақтөбе-Хромтау» автожолының 25 шақырымында жол метерологиялық жағдайларын ескермей, қарсы қозғалыс жолағына шығып, қарсы бағытта келе жатқан 40 жастағы ер адамның басқаруындағы «Volvo» автокөлігімен соқтығысқан.
ЖКО нәтижесінде автокөлік жүргізушісі мен жолаушылар: 55 жастағы және 45 жастағы Хромтау қ. тұрғындары түрлі жарақаттармен Ақтөбе қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылды, сондай-ақ 59 жастағы жолаушы алған жарақаттарынан ЖКО орнында қайтыс болды.
Келесі күні таңғы сағат 7-де Байқоңыр қаласының 48 жастағы тұрғыны, «Nissan Terrano» автокөлігінің жүргізушісі Хромтау қаласынан «Самара-Шымкент» автожолымен Ақтөбе қаласына қарай шығып, ҚР ЖҚЕ 10.1-тармақшасын бұза отырып, тайғақ жол учаскесінде 44 жастағы әйелді қағып кеткен. Нәтижесінде әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне алып келген ЖҚЕ бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қысқы кезеңнің басталуымен қар көлік құралын басқаруды қиындатады, яғни авариялардың ықтималдығын арттырады. Сондықтан жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жолдарда көрінудің шектелетіндігін, метеорологиялық жағдайларды және автожолдың ашық учаскелерінде қатты бұрқасын желдің артатындығын ескеруі керек.
Құрметті жүргізушілер, Полиция департаменті барлық жол-көлік оқиғалары асығыс, жол ережесін сақтамайтын жүргізушілердің кінәсінен орын алатынын, ауа райының қолайсыз жағдайларында өте мұқият және сақ болуды, сондай-ақ жылдамдықты, қашықтықты сақтауға, жол белгілерінің талаптарын орындауға және күрт маневрлерді болдырмауға, қысқы кезеңде тозған және жазғы резеңкеде жүруге жол бермеуге ерекше назар аудару қажеттігін ескертеді.