Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Баспанасы өртенген полицейге әріптестері көмекке келді

Баспанасы өртенген полицей көмек қолын созған әріптестері мен жерлестеріне алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Мамлют ауданы полиция бөлімінің аға инспекторы Андрей Литвиненко және оның зейнеткер анасы өрттің құрбанына айналып, үй-күйсіз қалды. Бір сағаттың ішінде олардың үйі мен барлық қора-қопсысы күлге айналған. Андрей сол түнгі оқиғаны үрейлене есіне алады, тек әріптестері мен көмек қолын созғандардың қолдауы сол қиындықты жеңуге көмектесті.

– Көмек қолын созғандардың бәріне алғысым шексіз. Мені білетін де, білмейтін де көмек көрсеткенін білемін. Үйге жұмсалған қаражаттың негізгі бөлігін облыстық Полиция департаментінің, Мамлют ауданының полиция бөлімінің, басқа да аумақтық бөліністердің қызметкерлері, сонымен қатар өзге өңірдегі әріптестеріміз жинап, баға жетпес көмек көрсетті. Көршілер, достар, туыстар, еріктілер, әкімдік, аудандық аурухана қызметкерлері қолдарынан келген көмектерін аяған жоқ. Ардагерлер тек материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, бір кісідей күйген қалдықтарды шығаруды ұйымдастырды, – дейді Андрей Литвиненко.

Облыстық полиция ведомствосы әріптесімен болған қайғылы оқиғаны біле сала, қаражат жинауды ұйымдастырды.

– Өзара көмек қолын созу, қиын кездерде қолдау көрсету, кез-келген қиындықты жеңуге күш пен сенім береді. Өмірді жаңа парақтан бастау қиын, бірақ қандай жағдай болмасын ортақ күш-жігердің арқасында шығуға болады. Әріптестерін қиындықта қалдырмай, жеке құрамның саналы түрде, жауапкершілікпен қолдау көрсеткені қуантады, – дейді Литвиненко отбасының жағдайына алғашқы болып қолдау көрсеткен Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.

Любовь Андреевна офицер баласымен тұрып жатқан үйдің ақшасы бір айдың ішінде жиналды. 63 жастағы Мамлютка тұрғынының айтуынша,11 мамырға қараған түні үйден түтіннің иісі шыққан. Өрттің кіре берісте тұрған тоңазытқыштан шыққаны белгілі болды. Бірнеше минуттың ішінде өрт үй мен қора-қопсыны алып кеткен. Алғашқы болып көршілері көмекке келген. Андрей жанталасып үйден газ баллонды шығарып үлгерген, екінші жарылғыш затты өрт сөндірушілер алып шыққан. Өрт сөндіру қызметкерлерінің жедел жұмысына, көршілердің көмегіне қарамастан, өрт жақын маңдағы салынған қора-қопсыны жалмап үлгерген.

Үй иесі мен көршісіне кардиологтардың көмегі қажет болған. Олар жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілген. Қазір олардың денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.

– Ақшамен, тамақпен және қажетті заттармен қолдарынан келгенше көмектескен барлық адамдарға ризашылығымды білдіремін. Біздің ештеңеміз қалмады, тек құжаттарымызды алып үлгердік. Біз бұл үйді өзіміз салып едік. Балалар осында өсті. Ұлымның жанашыр әріптестері мен жерлестеріміздің арқасында біз баспаналы болдық, – деп Любовь Литвиненко, жиналған ақшаға үй сатып алғандарын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру