Бейнекамералардың көмегімен Шымкентте құқық бұзушылықтар анықталды
Шымкентте бір тәулік ішінде бейнекамералар арқылы 125 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметкерлерімен бір тәулік ішінде сыртқы бейнекамералар арқылы 125 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Жедел басқару орталығында қаланың әр түкпірінде болып жатқан қандайда бір құқық бұзушылықтар Шымкент қаласы Полиция департаменті қызметкерлерінің көз алдында бейнебақылау камераларымен бақыланады. Бейнебақылау камералары заң бұзушылықтың алдын-алуға үлкен көмегін тигізуде. Бейнекамераларға жазылған ақпарат бір ай көлемінде сақталады. Камераның тиімділігі 360 градусқа дейін бұрылып, айналаны түгел шолатын құрылғылардың назарынан қандай да бір заң бұзушылықтың назардан тыс қалуы мүмкін емес.
Қылмыстың ізін суытпай ашылуына осы бейнебақылау камераларының үлесі орасан.
2020 жылдың жеті айында сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен қылмыс белгілері бар 138 қылмыс ашылған. Оның ішінде тонау – үш, бұзақылық – 15, автокөлікті заңсыз иелену – алты, ұрлық – 73, басқа да қылмыстар – 41. Нөлдік төзімділік қағидасы және әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 26 507 жайтты анықтаған. Олар қоғамдық орында қоқыс қалдығын тастау – 502, қоғамдық орында мас халде жүргендер – 640, қоғамдық орында қайыршылық жасау – 706, жол ережесін бұзғандар – 19 972, басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша – 4687 іс тіркелген. Тіркелген тәртіп бұзушылық бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, құқық бұзушының мекенжайына жолданған.
Шымкент қаласы аумағында Жедел басқару орталығына қарасты сыртқы бейнебақылау камералары жол және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде.