Белгісіз ұрлықты Шал ақын ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ашты
СҚО-да егде жастағы ауыл тұрғыны полицейлерге мал ұрлығын ашқаны үшін алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маусым айының басында Қаратал ауылының 54 жастағы тұрғынының екі жасар торпағы жоғалып кетеді. Қожайыны бірнеше күн бойы торпағын іздеген, қамаудан секіріп шығып, қашып кеткен шығар деген оймен жоғалғанына көнген. Ол полицияға арызданбаған. Тамыздың ортасында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері одан малың жоғалды ма деп сұрағанда, таң қалған. Торпақ ұрланған болып шықты – бұл факт Шал ақын ауданы мен көршілес Жамбыл ауданында орын алған мал ұрлығының бірқатар фактілерін тергеу барысында анықталды. Екі бұзау ұрлағаннан кейін «ізін суытпай» қолға түскен күдіктілер басқа да қылмыстарын мойындады. Барлығы олар мал ұрлығының төрт эпизодына қатысы бар болып шықты. Қазіргі уақытта олар жалғыз табыс көзі болып отырған, қосалқы шаруашылығы бар Шал ақын ауданының ауыл тұрғынына 350 мың теңге келтірілген зиянының орнын толтырды. Риза болған ауыл тұрғыны жергілікті «Новатор» газетінде алғысын жазып, онда күдіктілерді іздеуге және тергеуге қатысқан аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Мұхамбетжановқа және жеке құрамға алғысын білдірді.
– Еркін жайылымға жауапкершілік енгізілген заңнамалық өзгерістер қарсаңында бөлім қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтті, – деп атап өтті Руслан Мұхамбетжанов. – Қазіргі кезде шаруа қожалықтарының көпшілігі мал жайылымдарын ұйымдастыруға көшті. Ауданда мал ұрлығы фактілерінің саны айтарлықтай азайды. Еркін жайылымнан мал ұрлығы болған жоқ. Қылмыскерлер ең алдымен дұрыс жабдықталмаған қоралар мен сарайлардағы малға көздері түседі, бірақ бүгінде ауданда осы санаттағы ашылмаған қылмыс жоқ.
Жалпы, жыл басынан бері облыста мал ұрлығының 60,3% төмендеуіне қол жеткізілді – өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 63 факті болса, қазір 27 факті. 12 қылмыстың беті ашылды, қалғаны өндірісте қаралуда.