Бірлігі жарасқан берекелі ауылдар
Ұлытау облысында ішімдіктен бас тартқан он ауыл бар, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы үлгілі ауылдардың қатарына Талдыбұлақ, Сәкен, Айнабұлақ, Ақтүбек, Орынбай, Жұмажанов, Қарағаш, Алғабас, Ақтау және Қылыш елді мекендері кіреді. Бұл ауылдардың тұрғындары ішімдікке қарсы тұрып, тыныштық пен береке орнатуға белсене кіріскен. Айта кету керек, бұл бастаманы ауыл жастары бастап, үлкендер қолдаған екен.
Қоғамда ішімдіктің кесірінен туындаған көптеген құқық бұзушылықтар бар. Өкініштісі, ащы судың салдарынан ауыр қылмыстар жасалып, опық жегізер мысалдар жеткілікті. Бұзақылық, денсаулыққа зиян келтіру, отбасылық қатынастардың бұзылуы сияқты қылмыстардың көпшілігі мас күйде жасалады.
Бірнеше жыл бұрын Жаңаарқа ауданына қарасты Талдыбұлақ пен Сәкен ауылдарының жастары бастама көтеріп, қариялардың қолдауымен ауылдарда арақ сатуды мүлдем тоқтатқан. Нәтижесі де жоқ емес, ащы суды тұтынбаған жерлерде тыныштық пен қауіпсіздік орнады. Бұл өз кезегінде қоғамдық тұрмыстың жақсаруына әсер етті.
Бүгінгі күні бұл қатарға тағы да 8 елді мекен қосылды. Бұл ауылдардың тұрғындары ішімдікке қарсы тұру арқылы өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп, берекелі бастаманы жалғастыруда.
Полиция департаментінің тұрақты түрде жүргізген профилактикалық жұмыстары барысында ішімдікке байланысты құқық бұзушылықтардың айтарлықтай төмендегені байқалды. Бұл нәтижелер ауыл тұрғындарының белсенділігі мен полицияның үйлесімді жұмысының нәтижесі екені анық.
Ұлытау облысындағы бұл 10 ауылдың тәжірибесі көрсеткендей, ішімдіктен бас тарту арқылы қоғамның әлеуметтік және рухани жағдайын жақсартуға болады. Бұл тек бір аймақтың емес, бүкіл елдің дамуына ықпал ететін маңызды қадам.