Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бірнеше адамның өмірін құтқарған ақтөбелік полицей өз тәлімгерлерінің тағылымымен бөлісті

Бірнеше адамның өмірін құтқарған ақтөбелік полицей өз тәлімгерлерінің тағылымымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Патрульдік полиция – нағыз білекті, әрі жүректі жандардың жұмысы. Полиция капитаны Қанат Жетпісбаев осы салада 18 жылға жуық қызмет етеді. Патрульдік қызметті қатардағы полицей болып бастаған ол бүгінде Ақтөбе қаласы патрульдік полиция батальонында взвод командирі. Қызметке кіргеніне 2 айға енді ғана жуықтағанда ол өзіне қол жұмсамақ болған жас қыздың өмірін құтқарып қалып, сол кездегі әрекеті үшін әділ командирінен ағалық ескертулер де естіп, алғашқы алғысын да алып төбесі көкке жеткендей болғаны әлі күнге дейін есінде.

Сол күні патрульдік полиция Ақтөбе қаласындағы 5 қабатты үйдің шатырынан қыз баланың секірмек болып тұрғаны туралы хабарлама алған. Оқиға орнына взвод командирі Нұрғали Қанатов жас маман Қанат Жетпісбаевты ерте барады. Келе сала командир жиналғандарға жақындап, дереу мән-жайды біле бастайды. Осы уақыт ішінде Қанат Жетпісбаев командиріне айтпай, көзді ашып-жұмғанша жүгіріп үйдің кіреберісіне кіріп, 5-қабатқа шығып үлгереді. Ашық тұрған люк арқылы үйдің төбесіне шығады. Әрі қарай шатырдың жиегінде секіргелі тұрған қызға білдірпей еңбектеп барып, артынан шап беріп ұстай алып кері тартып үлгереді. Қызды сатымен төмен түсіргенде алып-ұшып командирі мен төтенше жағдайлар қызметкерлері жеткен. Бұл кезде Қанат қызды сабырға салып, өзі шатырға шығар алдында жылдам шешіп, баспалдақ жиегіне іліп кеткен полицейлік көйлегін киіп жатқан. Себебі жас жігіттің санасында өзінің командирі дәл сол күні таңертең айтқан полицейдің ұқыпты сыртқы кейпі туралы қағидалар сайрап тұрған еді.

– Патрульдік полицияға жас мамандар келеді. Оларды дұрыс бағытта тәрбиелеу – командирлерге тікелей байланысты. Менің қызмет жолымда үлкен рөл атқарған менің алғашқы командирім (қазіргі кезде ІІО ардагері) – Нұрғали Қанатов болды. Ол кісінің ағалық қамқорлығы мен ақыл-кеңестері, қажет жерде тізгінді тартып, керек кезде босата білетіні, адамдық қасиеттер мен кәсіби түйсік туралы санамызға сіңіргені – менің қызметім мен өміріме темірқазық болды. Ол кісінің бір көзқарасының өзі қателігіміз үшін ұяттан жерге кіргізгендей болатын, – дейді ол.

Командир өз ісімен үлгі бола білуі тиіс. 2023 жылы патрульдеу кезінде капитан Ақтөбе қаласында өртеніп жатқан үйден үш адамды аман алып шыққан. Сол күні командир Қ.Жетпісбаев 2 қызметкерімен бірге үй өртену дерегі бойынша оқиға орнына 2 минуттың ішінде жеткен. Келген кезде жер үйдің жартысы өртенгенін, кірер есіктің толықтай қызыл өртке оранғанын анықтаған. Терезеден қараған кезде үй ішінде жатқан адамның сұлбасын байқап, дереу терезені ұрып сындырып, көк түтін мен жалынға оранған үйге бір минут та ойланбастан қойып кеткен. Үйде біреуі еденде, екіншісі кереуетте есінен танып жатқан екі әйел адамды көтеріп алып шығып, терезе арқылы әріптестеріне берген. Тұншыққан капитан терезеден басын шығарып тыныстап алғаннан кейін ішке қайта қойып кетіп, “Іште адам бар ма?” деп дауыстағанда, ер адамның дауысын естіп, соңғы күші қалғанша ер адамды да іштен алып шығып үлгерген.

Жігітке жеті өнер де аз. Командир Қанат Жетпісбаев ән айтады, музыкалық аспаптарды меңгерген, спортпен де айналысады. Бұл салаларда ол облыстық, республикалық деңгейде жеңімпаз болып жүр. “Парасатты полицей” республикалық байқауының бас жүлде иегері. Футбол әлемінде “Жақсы қақпашы – жарты команда” деген ұғым бар. Қанат облыстың құқық қорғау органдары арасында “Үздік қақпашы” атағының иегері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру