"Борышкер" акциясы: Түркістан облысында айыппұлын төлемеген жүргізушілер анықталуда
Түркістан облысында полицейлер төленбеген айыппұлдары бар автокөліктерді анықтау жұмыстарын күшейтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселен, Шымкент – Самара тас жолындағы Сауран шеп-бекетінде "Қорғау" жүйесі арқылы Chevrolet Tahoe автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында жол талғамайтын көліктің 1,6 млн теңге көлемінде төленбеген әкімшілік айыппұлы бары анықталды. Тиісті шаралар қабылданып, автокөлік айыптұраққа қойылды. Нәтижесінде берешек толық көлемде мемлекет пайдасына өндірілді.
Жалпы республика көлемінде өтіп жатқан "Борышкер" жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – әкімшілік айыппұлдардың өндірісін қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтау және "жазаның бұлтартпастығы" қағидатын іске асыру.
Қазіргі таңда облыс аумағында айыппұлдарын уақытылы төлемеген 20-дан астам автокөлік анықталып, айыптұрақтарға қойылды.
Сонымен қатар полицейлер жүргізушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау мен әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеудің маңыздылығын еске салуда.
