«Борышкер» ЖПІШ: Түркістан облысында 70-тен астам көлік айыптұраққа қойылды
Түркістан облысында айыппұлы төленбеген 70-тен астам жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғындарға салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмыстарын жандандыруда. Жеке сот орындаушылармен бірлесіп, мәжбүрлі түрде өндіру шаралары атқарылып жатыр. Осы бағытта наурыз айының 27-31 күндері аралығында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. 2 тәулікте 1800-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 60,6 пайызы мемлекет пайдасына өндірілді.
Ал арнайы мамандардан құрылған 37 мобильді топпен айыппұлдары төленбеген 74 автокөлік, жеке сот орындаушылар қаулысы негізінде айыптұраққа жеткізілді. Соның ішінде 10 автокөлік «Автоураган» жылжымалы кешенімен анықталды. Оған қоса барлық өндірілмеген айыппұлдардың тізімі учаскелік полиция инспекторларына таратылып, 1500-ден астам жүргізушіге ескертпе парақтары берілді. Полиция департаменті тарапынан барлық мүмкіндіктер, яғни «Кибер-шериф», «Кардон-про», «Крис-П», «Арена» мобильді кешендері пайдаланылып, бақылауға алынды.
Мәжбүрлеп өндіру үшін құқық бұзушылардың жұмыс орындарына 100-ге тарта ұйғарым, ал жеке сот орындаушыларға 650-ге жуық қаулы жолданды. Мысалы «Қорғау» бағдарламасы арқылы төленбеген айыппұлы бар Daewoo Nexia көлігі анықталды. Тексеру кезінде бұл көліктің 700 мың теңгеге жуық берешегі бары расталды. Көлік айыптұраққа қойылып, жүргізушіге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.