Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бос үйлер, притондар, жалдамалы пәтерлер: Қарағанды полицейлері рейд өткізді

Қарағандылық полицейлер бір түн ішінде полицияның есебінде тұрған 250 адамды тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау, қылмыстың алдын алу, есепте тұрған тұлғаларды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу мақсатында сенбі күні Окбярь полиция бөлімінің қызметкерлері кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізді.

Аталған аумақта бүгінгі таңда 85 мың халық тұрады. Полицияның есебінде әртүрлі санат бойынша есепке алынған 600 адам, 45 қолайсыз отбасы және 21 кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Ағымдағы жылдың басынан бері аудан тұрғындары тарапынан 590 құқық бұзушылық жасалып, 40 адам әкімшілік қамауға алынған.

Осындай құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында учаскелік полиция және кәмелет жасына толмағандармен жұмыс істеу тобының қызметкерлері әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, бірнеше топқа бөлініп, есепте тұрған тұлғаларды тексеріп, олармен профилактикалық әңгіме жүргізді.

Мәселен, кешенді жұмыстар барысында тәртіп сақшылары Курьянов кентінде бірнеше мекенжайды тексерді. Сол ауылда тұратын пәтерлердің біріне бұрын көршілер тарапынан бірнеше рет түнгі уақытта шу шығару бойынша арыз түскен болатын. Аталмыш мекенжайға барған тәртіп сақшылары пәтерде тағы да ішімдік ішіп жатқан адамдарға тап болды. Бөтен азаматтарды пәтерден шығарып жіберген сақшылар үй иесімен әңгіме жүргізіп, алдағы уақытта бұндай жағдайлардың болмауын басты назарға ұстауды тапсырды.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары есепте тұрған қолайсыз отбасыларды да тексерді. Сондай жанұялардың бірінің үйіне тәртіп сақшылары бұрын аздаған жөндеу жұмыстарын жасап берген болатын. Сол отбасындағы әйел дұрыс жолға түсіп, жұмысқа тұруға уәде беріп, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелерінен де ескерту алған. Алайда тексеріс барысында ол үйде болмай шықты. Кішкентай балалалары аналарының әлі де ішімдік ішетінін айтты.

Кешенді профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерлерге де тексеру жүргізді. Олардың бірі – Октябрь полиция бөлімі қызметкерлері қызмет көрсететін аумақта орналасқан үш бөлмелі пәтер. Бұған дейін бұл пәтерде тыныштықты бұзу бойынша алты дерек тіркелген. Сақшылар үйде тұрып жатқандармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, қатаң ескерту жасады.

Сенбі күні жасалған кешенді іс-шаралар барысында әртүрлі есепте тұрған 250 тұлға, 33 жалға берілетін пәтер тексеріліп, әртүрлі санаттағы 24 құқық бұзушылық анықталып, қоғамдық орындарда ішімдік ішкен алты адам уақытша оңалту орталығына қамалып, бір құқық бұзушы уақытша ұстау орнына жатқызылды.

(Бауыржан Мұхамеджанов – Қарағанды қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары)

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру