Бөтеннің үйіне ұрлыққа түскен астаналық ұсталды
Бөтеннің үйіне ұрлыққа түскен астаналық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыс туралы полицияға Абат Байтақ көшесіндегі жеке үйдің тұрғындары арызданған. Зардап шеккен үй иелерінің айтуынша, үйден алтын бұйымдар жоғалып кеткен.
Полицейлер істі зерделеу барысында белгісіз біреудің күндізгі уақытта аулаға емін-еркін кіріп, одан кейін тұрғын бөлмелерді жалдаушыларға жақындап, жалға берілетін бөлмелердің бар-жоғын сұрағанын анықтады. Үй иелерінің үйде жоқтығын естіген ол, ауладан шығып кеткендей кейіп танытып, өзі терезе жаққа қарай бет алған.
Күдікті терезені сындыру арқылы үйге заңсыз кіріп, жасырын түрде жалпы құны 220 мың теңге тұратын ерлердің алтын сақинасын және қол сағатын алып шыққан.
Сарыарқа ауданы ПБ-ның криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында 34 жастағы ер адамды анықтады. Ол кінәсін толық мойындап, кейін ұрланған заттарды Қарасай батыр көшесіндегі ломбардқа тапсырғанын айтты.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Оның елорда аумағында басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Ер адам Астана қаласы ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді және заттарын қараусыз қалдырмауды ескертеді.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.