Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де “Ұлы дала батырлары” кітабының тұсауы кесілді

ІІМ-нің мұражайында “Ұлы дала батырлары” деп аталатын жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Ол Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен майдангерлер мен бүгінгі бейбіт заманның батырларына арналады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Анықтамалық-энциклопедиялық жинақ “Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның қазақстандық ардагерлер ұйымы” Қоғамдық бірлестігінің бастамасымен, сонымен қатар ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қолдауымен жарыққа шықты.

Шараға әйгілі ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров пен бұрынғы ішкі істер министрі, Халық қаһарманы Қайырбек Сүлейменов қатысты.

Бұл келесі ұрпаққа үлкен өнеге. Осындай ерліктің арқасында, осындай азаматтардың арқасында бүгін егемендікті алып, үлкен бір жарқын мемлекет болып, дамып жатырмыз. Мен өз атымнан, сондай-ақ әріптестерімнің атынан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Халық қаһармандарына тағзым етіп, кітап шығару бастамасын көтерген ұжымға алғысымды білдіргім келеді, – деді министр Марат Ахметжанов.

Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – ертең жоқ. Халқымызға бейбіт күндерді сыйлаған батырлардың өмірінен сыр шертетін кітаптың тұсауын кесу мәртебесі құрметті қонақтарға берілді.

– Біздің ұлы дала батырларын ұмытпай, еске алып, тарихты жинап, кітап шығарғандарыңызға рақмет! – деді Тоқтар Әубәкіров.

– Мұндай кітаптар бірінші кезекте біз үшін емес, жастарымыз үшін, жеке құрам үшін және жалпы мемлекетіміздің жас буынына арналады, – деп атап өтті Халық қаһарманы, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов.

Шара барысында ІІМ ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірзақ Болсамбеков ведомство мұражайына тарихи энциклопедияны сыйға тартты.

Ер есімі – ел есінде. Аталарының ерлігіне құрметпен қарап, алдынғы буын ағаларының батылдығына тамсанған жас қызметкерлер қонақтардан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру