БҚО-да нашақорлыққа қарсы спорттық марафон ұйымдастырылды
Батыс Қазақстан облысында "Заң мен тәртіп" қағидаты және нашақорлыққа қарсы айлық аясында Бәйтерек ауданында ауқымды спорттық іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған шара аясында жүгіру марафоны мен арқан тартыс жарысы өткізілді
Іс-шараның ашылу салтанатына БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен консультативтік-кеңесші орган өкілдері қатысып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Шараның басты мақсаты – қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру, жастар арасында спортты дәріптеу және зиянды әдеттердің алдын алу.

Алдымен қатысушылар аудан көшелері бойымен ұйымдастырылған марафонға қатысып, өзара жылдамдық пен төзімділіктерін сынады. Кейін ерлер және әйелдер командалары арқан тартыс сайысында бақ сынасып, командалық бірлік пен күш-жігердің үлгісін көрсетті.

Іс-шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Мұндай іс-шаралар жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, қоғамда салауатты өмір салтын нығайтуға бағытталған.
