Түнгі қаладағы жасөспірімдер полиция назарында
Ақтөбеде полиция түлектердің түнгі отырыстары мен кәмелетке толмағандардың көлік басқару деректерін анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция тарапынан бірнеше мәрте ескерту жасалып, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, Ақтөбе қаласында өткен түні бітіру кештерін ұйымдастыруға, кәмелетке толмағандардың жүргізуші куәлігінсіз көлік басқаруына және жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне қатысты бірқатар құқық бұзушылықтар тіркелді.
Мәселен, қала мектептерінің бірінің 11-сынып оқушысы жүргізуші куәлігінсіз ағасына тиесілі автокөлікті басқарған. Осыған ұқсас тағы бір дерек колледж студентіне қатысты анықталды. Ол да көлікті тиісті құжатсыз тізгіндеген. Аталған фактілер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөліктер арнайы айыптұраққа қойылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерлер мен коттедждерде ұйымдастырылған түлектер мен жастардың түнгі басқосуларын анықтады.
Жекеменшік мектептің төрт оқушысы алдын ала жалға алынған пәтерде кеш өткізсе, тағы 12 түлек коттедж жалдап, түнгі отырыс ұйымдастырған.
Түнгі сағат 02:00 шамасында "102" арнасына Ибатов көшесіндегі пәтерлердің бірінде тыныштықтың бұзылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Тексеру барысында аталған мекенжайда кәмелетке толмағандардың жүргені анықталды.
Анықталған барлық дерек бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ақтөбе облысының полиция департаменті бітіру кештері кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі ата-аналар мен педагогтердің ерекше бақылауында болуы қажет екенін ескертеді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқаруы, алкогольдік ішімдік тұтынуы және рұқсат етілмеген кештерге қатысуы қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Полиция ата-аналарды балаларының жүрген жеріне жіті назар аударуға, олардың заңға қайшы әрі қауіпті әрекеттерге баруына жол бермеуге және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға шақырады.
