Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да полицейлер студенттермен кездесті

“Есірткісіз аумақ” ақпараттық-профилактикалық науқаны аясында Батыс Қазақстан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орал ақпараттық-технологиялық колледжінің 1-курс студенттерімен кездесу өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыру және жасөспірімдер мен жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері студенттерге есірткі заттарын қолданудың адам денсаулығына, психикасына және әлеуметтік өміріне тигізетін зияны туралы айтып, есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін көзделген жауапкершілікті түсіндірді.

Сонымен қатар жастардың назарына интернет желілеріндегі күмәнді жарнамалар мен оңай әрі тез ақша табу туралы ұсыныстардың қауіпті екені жеткізілді. Полиция қызметкерлі мұндай ұсыныстардың есірткі заттарын тарату, жасырын орындарға заңсыз заттарды жеткізу және өзге де қылмыстық әрекеттермен байланысты болуы мүмкін екенін ескертті.

Студенттерге заңсыз әрекетке бір рет келісудің өзі ауыр зардаптарға, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені түсіндірілді. Осыған байланысты полицейлер жастарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді хабарландыруларға сенбеуге, заңсыз ақша табу туралы ұсыныстардан бас тартуға шақырды.

Іс-шараның практикалық бөлігінде кинологиялық қызмет қызметкерлері есірткі құралдарын анықтауға арнайы үйретілген қызметтік-іздестіру иттерінің жұмысын көрсетті. Студенттер есірткі заттарын іздеу кезінде иісшіл иттердің қалай қолданылатынын өз көздерімен көріп, кинологтардың қызметтік иттерді даярлау ерекшеліктері туралы ақпарат алды.

Көрсетілім жастардың ерекше қызығушылығын тудырып, құқық қорғау органдарының есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестегі жұмысын тәжірибе жүзінде танып-білуге мүмкіндік берді.

Полиция қызметкерлері жастарды өз болашағына жауапкершілікпен қарауға, күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға және заңсыз әрекеттерге араласпауға шақырды.

Мұндай профилактикалық кездесулер жастар арасында есірткінің таралуының алдын алуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және есірткі қылмысына қарсы қоғамның иммунитетін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру