Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы көшелеріндегі рейд: полиция кімдерге назар аударады?

Алматыда учаскелік полиция инспекторлары тұрақты түрде белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтау бойынша профилактикалық рейдтер өткізеді. Бұл жұмыс қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмек көрсетуге бағытталған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Рейд барысында полиция қызметкерлері азаматтардың жеке басын анықтап, тиісті ақпараттық есептер бойынша тексереді, көшеде жүру себептерін анықтайды. Қажет болған жағдайда өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері "Пана" әлеуметтік бейімдеу орталығына белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 388 адамды жеткізген. Оның ішінде 54 адам одан әрі көмек алу үшін орталықта қалды. Қалған азаматтар тексеруден және алғашқы медициналық қарап-тексеруден өткеннен кейін ұсынылған көмектен бас тартқан.

Полиция атап өткендей, мұндай жұмыстардың профилактикалық маңызы да зор. Белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдардың өздері де құқық бұзушылықтың құрбаны болуы немесе құқық бұзушылыққа қатысуы мүмкін. Осыған байланысты учаскелік полиция инспекторлары олардың тұрақты болатын орындарына ерекше назар аударып, ықтимал жағдайларды анықтайды және туындаған қауіп-қатерлерге уақтылы ден қояды.

– Учаскелік инспектордың міндеті – көшеде жүрген адамды анықтаумен ғана шектелмейді. Оның жеке басын анықтап, қандай көмекке мұқтаж екенін түсіну және негіз болған жағдайда тиісті қызметтерге бағыттау маңызды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікке төнетін ықтимал қатерлердің алдын алып, құқық бұзушылықтарға дер кезінде тосқауыл қою қажет. Сондықтан мұндай рейдтердің басты мақсаты – профилактика, – деді Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру