Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Колледж жатақханалары – Петропавл полициясының ерекше бақылауында

Петропавлда ювеналды полиция қызметкерлері колледж жатақханаларында профилактикалық жұмысты күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әртүрлі өңірлерден білім алуға келген студенттер күнделікті ата-ана бақылауынан тыс болғандықтан, олардың қауіпсіздігі мен тәртібіне ерекше назар аударылуда.

Оқу жылының алғашқы күндерінен бастап полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Кейбір студенттер ата-ана бақылауының болмауын еркіндік деп қабылдап, сабақтан қалу, түнгі уақытта жүру немесе жанжалға араласу сияқты тәртіп бұзушылықтарға жол беруі мүмкін.

Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қалалық прокуратурамен бірлесіп, жатақханаларда студенттермен профилактикалық кездесулер өткізуде. Кездесулердің бірі Борки кентіндегі Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінде ұйымдастырылып, оған 190-ға жуық студент қатысты.

Полицейлер жастарға қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары буллинг, бопсалау, ұрлық және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Студенттерге қиын жағдайға тап болған кезде қайда және кімге жүгіну керектігі жөнінде де түсіндірілді.

Профилактикалық жұмыстармен қатар жатақханалар орналасқан аумақтарда рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Әр жатақханаға полиция бөлімшелерінің басшылары, ювеналды полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторларды бекіту жоспарланған. Бұл колледж әкімшілігімен тұрақты байланыс орнатып, келіп түскен ақпараттарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Аталған жұмыстар республикалық "Балалар, назар аударыңыздар!" және "Жасөспірімдер бақылауы" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында жүргізілуде.

Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 42 қылмыс тіркелген. Ал сегіз ай ішінде жасөспірімдердің өздері 21 қылмыс және 143 құқық бұзушылық жасаған.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу – "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясындағы полиция жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру