Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Браконьерлер СҚО табиғатына 13 миллион теңгеден астам залал келтірді

Браконьерлер Солтүстік Қазақстан облысының табиғатына 13 млн. теңгеден астам залал келтірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының табиғатты қорғау полициясы аң аулау шаруашылығы қызметкерлерімен және басқа да мүдделі ведомстволармен бірлесе, табиғатты қорғау заңнамасын сақтау бойынша рейд жүргізуде. Негізгі міндеттері – экологиялық қылмыстарды ашу және алдын алу, аң аулау және балық аулау ережелері бұзушылықтарын анықтау.

СҚО аумағында 2397 көл бар, оның 332-сі жалға алынған, бұл көлдерден рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана балық аулауға болады. СҚО ПД ЖПҚ басқармасының табиғатты қорғау тобының аға инспекторы полиция капитаны Асхат Қожабаевтың айтуынша балықшылардың көбі бұл ережелерді бұзып жатады екен.

– Аңшылар болса, қаруды тасымалдау ережелерін ескермейді – аң аулау орындарына қаруын сыртқы қабынсыз, жиналған күйде тасымалдайды, – дейді ол. – Орманда демалуды тәуір көретіндерге жаңа маусымда аң аулау тәртібімен танысу қажеттілігін ескертеміз. Аң аулау тәртібі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі облыстық инспекциясы басшысының бұйрығында көрсетілген.


Бұйрыққа сәйкес, облыста ҚР Қызыл кітабына енгізілмеген аңдар мен құстарды аулауға рұқсат етілгендігін еске саламыз. Түрлі жануарларды аулау ережелері мен мерзімдері туралы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының “Facebook”-тағы аккаунтынан толығырақ таныса аласыздар. Сондай-ақ, полицейлер аң аулау шаруашылығы аумағында аң аулауға рұқсатыңыз болған жағдайда ғана шығуға болатынын айтады. Облыста олардың саны – 37. Алты қорықта және “Көкшетау” ұлттық паркі аумағында аң аулауға тыйым салынады.

Жыл басынан полицейлер табиғатты қорғау заңнамасының 658 құқық бұзушылығын анықтады: оның ішінде жануарлар дүниесі саласында – 378, балық аулау саласында – 226, өсімдіктер әлемінде – тоғыз. Экологиялық қылмыс фактілері бойынша бес қылмыстық іс сотқа жолданды, тағы сегізі өндірісте. Келтірілген шығын сомасы 13 млн. теңгеден асады. Браконьерлерден 21 сібір елігінің, екі маралдың тұтас еті және үш сұңқылдақ аққудың еті алынды. Сондай-ақ, қарда жүретін үш техника мен сегіз мылтық алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру