Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бүгінгі күннің батырлары. Полицейлер жаңажылдық мереке күндері азаматтарды қалай құтқарды

Жаңажылдық мереке күндері ел полициясы 24/7 режимінде қызметте болып, ауа райының қолайсыздығы мен жағымсыз жағдайлардың құрбаны болған жандарға көмектесті. Тәртіп сақшылары өз өмірлерін қатерге тігіп, мұзды суға да, отқа да түсіп, қар құрсауында қалып қойған азаматтарды құтқарып қалды. Polisia.kz сайтының тілшісі өздеріңізге құтқару сәтінің жинағын ұсынады.

Атырау облысының полиция қызметкерлері батылдық танытып, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Бір жағдайда, Атырау тұрғыны полицияға қоңырау шалып, анасы құлап, қайтыс болғанын хабарлады. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары жуынатын бөлмеде құлап жатқан 76 жастағы ананы көрді. Полицейлер әйелдің тыныс алып жатқанын байқап, бірден жедел жәрдем шақырды. Зейнеткер дәрігерлерге тапсырылды. Есеңгіреп қалған әжейдің туыстары полицейлерге шексіз алғысын білдірді.

Тағы бір оқиға Атырауда орталыққа жақын Жайық жағалауында болды. Полицияға қыз баланың мұз ойылып, суға құлап кеткені жөнінде хабарлама түскен.

Ақпарат бойынша патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ғапу Жанарыс, Арсен Мұратов, Құрманғазы Мерей және әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы Арманбек Ғабитов дереу оқиға орнына жетті. Мұз ойығынан басы ғана көрінген адамның әйел екенін дауысынан ғана айырған полицейлер құтқаруға бірден кіріскен.

Жанарыс Ғапу беліне арқан жіп байлап, мұз үстімен жасөспірімге қарай беттеді. Әріптесі Мерей Құрманғазы оған көмектесу үшін жіп бойымен бірге жүрді.

Офицерлер қызды аман-есен жағаға шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды.

Солтүстік Қазақстан облысы, Булаево ауылындағы болған жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Жаңа жылдың алғашқы күні екі қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Тілсіз жаудан бес ер адам мен бір бала құтқарылды.

Әділет аға лейтенанты Ғалымжан Байбосин үй тұрғындарына көмекке келіп, түтін басқан ғимараттан алты адамды эвакуациялады. Офицер отты ауыздықтауға да атсалысты.

Өрттің жалпы ауданы 12 шаршы метрді құрады.

Бағымызға қарай соңы сәтті аяқталған тағы бір оқиға Степногорск қаласында болды. Тәртіп сақшылары қатты боран кезінде анасы мен қызына көмек қолын созды. Әйел 8 жасар қызымен бірге адасып кеткен екен. Полиция қызметкерлерінің шапшаң іс әрекеті мен тәжірибесінің арқасында отбасы туыстарына аман-есен оралды.

Айта кету керек, жаңажылдық демалыс күндері тас жолдарда 600 азаматқа көмек көрсетілді, оның ішінде 80 бала бар. Полиция қызметкерлері ауыр жол-көлік оқиғаларының алдын алды.

Тәртіп сақшылары қолайсыз ау райында жүргізушілерге мұздатылған отынды жылытуға, көлікті сүйреуге және жөндеуге көмектесті. Сондай-ақ жолдың көрінуі нашарлаған жағдайда тәртіп сақшылары көліктерге жол бастап жүрді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру