Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дүкеннің жанына қойылған тұрғынның велосипедін белгісіз біреу ұрлап кетті

Түркістан облысында полицейлер кезекті велосипед ұрлығын «ізін суытпай» ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне Мырзакент ауылының тұрғыны «Урал» маркалы велосипедінің ұрлағаны жөнінде арызданған. Ауыл тұрғынының айтуынша, оның дүкен жанына қойып кеткен 27 мың теңгелік велосипедін жымқырып кеткен. Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, велосипед ұрлаған ұрыны іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алып, дүкен мен көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді. Полицейлер олардың бірінен бейтаныс ер адамның велосипедті алып, белгісіз бағытқа жасырынғанын байқады.Күдіктінің белгілерін алған Мақтарал АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы Ержан Әбдіраманов әріптестерімен бірге көшелер мен аулаларды аралай бастады.

Іздестіру нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні ұрлық орнынан 1-2 шақырым қашық жерден «ізін суытпай» ұстады. Ол өз әрекетін толық мойындады. Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты. Учаскелік инспекторлар егде жастағы ер адамнан ұрланған велосипедті алып, заңды иесіне қайтарды.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Ер адамның айтуынша, ол үйіне жету үшін ұрлық жасаған.
Атап өтер жайт, бұдан бұрында учаскелік инспектор Е.Әбдіраманов осыған ұқсас велосипед ұрлығының «ізін суытпай» ашқан. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкері бір сағат ішінде тұрғылықты жері бойынша ұрыны ұстаған. Тәртіп сақшылары күдіктінің үйінен ұрланған велосипедті тәркілеп алып, жәбірленушіге қайтарған. Қазіргі уақытта осы велосипед ұрлығы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мүліктеріңіздің сақталуы үшін мұқият болу керектігін ескертеді. Қылмыстық шабуылдардың алдын алуға көмектесетін бірнеше ережелерді біле жүріңіздер:
– велосипедтерді кіреберістерде және басқа да ортақ орындарда, дүкендер жанында, саябақта және адамдар көп жиналатын басқа жерлерде қараусыз қалдырмаңыз;
– егер велосипедіңізді қалдыруға тура келген жағдайда, аз уақыт болса да құлыптау құрылғысының сенімділігіне көз жеткізіңіз;
– сондай-ақ, велосипедті бөтен адамдарға қарауға тастамаңыз;
– мүмкіндігінше велосипедті бейнебақылау жанына қойыңыз, бұл ұрлық жағдайында ұрыларды тез табуға көмектеседі.

Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, шұғыл полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру